08 декабря Четверг1:54
Астана
°C
Текущий номер
№ 47 Пятница
02.12.2016 г.
Присоединяйтесь к нам в социальных сетях
Спасибо, я уже в группе

Жирен жаман әдеттен

Жирен жаман әдеттен. 
Темекінің зияны туралы.
 Фото: anamenbala.kz
Темекінің зияны туралы.
Қазір мектеп оқушыларының арасында да темекі тартатын ұл-қыздар аз емес. Бұл күнде көзіміз көріп, көбіміз онша мән бермейтін көрініске де айнала бастады. Бұрындары мектепте оқитындардың мұндай істері қоғамымызға жат қылық саналып, үлкен алаңдаушылық туғызатынды. Енді неге бұл жат қылықтарға деген көзқарас өзгеріп, оған қарсы күрес әлсіреп кетті? Бізді ойландыратыны осы сұрақ. Соған сәйкес, газет бетінде темекінің зияны жөнінде қайта әңгіме қозғамақшымыз.
Темекідегі никотин циаминге парапар у. 100–120 мг никотин адамның тамырына бір сәтте құйылатын болса, адам көз жұмады. Ал мұндай мөлшердегі никотин 2 қорап темекінің құрамында бар. Олай болса, күніне екі қорап темекі тартатындардың өз әдетіне ойлана қарағаны абзал. Және де бір ескерте кететін дерек: бір тал темекі тартқан адамның денесіне 1,5–2 мг шамасында никотин сіңеді. Никотин бірден қанға бармай, тыныс жолдары арқылы ішке енетіндіктен, адам оған бірден уланбай, біртіндеп уға батады. Адам бір темекі тартқанда тамырына біртіндеп 1,5–2 мг никотин барып, жүректің бір минутта соғатыны 15-ке артады. Яғни, жүректен тарайтын қан мөлшері минутына 10 литрден 12 литрге дейін артады. Адам жайбарақат, қозғалмай отырып темекі тартса да, ол ауыр жұмыс істегендей жүрегі бұрынғыдан қатты соғатын болады.
Кез келген темекінің құрамында төрт мыңнан астам зиянды заттар бар. Соның бірі – көміртек тотығы. Ол ең кемінде 100 есе құштарлықпен қан түйіршіктеріне жабысады да, оны ортадан оңашалап, улайды. Сөйтіп, темекі тартқандардың қан түйіршіктерінің 5–8 пайызы көміртек тотығының қысымында қалып, ауа жеткізе алмай, керексіз күйде шеттейді, адамның күш-қуатын барынша әлсіретеді. Біз енді темекінің адам ағзасына зияны туралы баяндасақ.

Ас қорыту жүйесіне зияны:
1. Асқа деген тәбетті қашырып, нашарлатады.
2. Астың қорытылуын қиындатады.
3. Тісті сарғайтып, ауызды сасытады.
4. Асқазанда жара пайда болады.
5. Ерін, тіл, өңеш обырына (рагына) жол ашады.

Тыныс алу жүйесіне зардабы:
1. Жөтел және қақырық пайда болады.
2. Созылмалы тыныс жолдарының қабынуына әкеліп соқтырады.
3. Тыныс алу қиындайды. Ауа жетпейтіндей қиналу басталады.
4. Көмекей және өкпе рагына тап болушылардың 90 пайызының себебі – темекі тарту.

Қан айналу жүйесіне залалы:
1. Қан тамырларын қатайтады (атеросклероз).
2. Қол-аяқ тамырлары бітеледі, гангрена (тән тіндерінің жансыздануы, шіруі) пайда болып, қол-аяқ кесіліп, кемтарлыққа соқтырады.
3. Миды қанмен қамтитын тамырларды да қатайтады, адамның салдануына себепші болады.
4. Жүрек ауруларына, әсіресе жүрек бұлшық еті инфарктіне (жүрек ұстамасына) қолайлы жағдай туғызады. Осы аурумен өлетіндер темекі тартатындар арасында темекі тартпайтындардан он есе артық.

Темекінің басқа да кеселдері:
1. Есте сақтау қабілетін азайтады.
2. Көңілсіздікке душар етеді.
3. Ұйқыны қашырады.
4. Теріде әжімдерді көбейтеді.
5. Темекі тартатындардың жанындағы оны шекпейтіндер уланады.
6. Ер, әйелдің жыныстық тәбетсіздігін тудырады.
7. Өртке себепші.
Ескерту: Америкада темекі тұқылынан шығатын өрттен жылына шамамен 1700 адам өледі. Дүниежүзінде темекіден өрбіген дерттен жыл сайын шамамен 3 миллион адам көз жұмады. Әлемде темекінің кесірінен әр 13 секунд сайын бір адам, әр 65 секундта бес адам қайтыс болады, өкпе рагі сырқатының 90 пайызы – темекіден. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, жер шарындағы 1,8 миллиард 10–24 жас аралығындағылар – темекінің түтініне уланғандар. Қорқор мен насыбай да темекідей өте зиянды. Бәрі де адамға зиянын тигізіп, өлімге себепші болатындықтан харам болып саналады.

Темекі және жүктілік
Сәби күтіп жүрген анаға темекі тарту, арақ-шарап ішу өте қауіпті. Әсіресе темекінің зияны өте күшті. «Мұсылман» журналында бұл жөнінде мынандай ғылыми, медициналық сараптама қорытындысы жарияланыпты:
«...17 мың балаға зерттеу жүргізгенде, шешелері шылымқұмар болған балаларға темекінің зиянды әсері байқалған: жүктіліктің төртінші айынан бастап, үнемі күніне 10 тал темекі тартқан аналарда босану мезгілінде өлім мөлшері 30 пайызға артқан. Әрі шылымқұмар шешеден туған сәбидің салмағы қалыпты жағдайдан төмен болған. Мұндай аналардың түсік тастау және өлі бала туу мүмкіндігінің өте жоғары екені байқалған. Шешенің темекіқұмарлықтан ауру, кем балалар туылу мүмкіндігі де артқан. Әдетте екіқабат әйелдерде қалыпты жағдайда 15–20 пайыз түсік кездеседі. Ал темекі тартқан әйелдерде түсік тастау мөлшері 28 пайыз болып отыр. Темекі тартқан 100 мың екіқабат әйел мен темекі тартпаған соншама әйелге салыстырып зерттеу жүргізгенде, темекі тартқандар 4000 мөлшерден артық түсік тастағаны байқалған».

Темекі тартудан құтылудың тәсілі
Қазақстанда жыл сайын өкпе қатерлі ісігінен 3 мыңнан астам адам өледі екен. Бұл ресми дерек. Елімізде шылым шегетін 13–15 жасар жасөспірімдер саны қазір 150 мыңнан асыпты. Осыған орай психологтар, дәрігерлер темекі тастауға байланысты мынандай тәсілді пайдалануды ұсынады:
«1. Жаман әдеттен арылғыңыз келсе, ең алдымен өзіңізге сеніңіз. Былайша айтқанда, өзіңізге сенім артып үйреніңіз. Көз алдыңызға небір қиыншылықтарды жеңген кездеріңізді елестетіңізші. Оның қасында шылым шегу деген не, тәйірі?!
2. Осы кеңесті оқып бола салысымен отыра қалып темекінің сізге тигізген зияны мен «пайдасының» тізімін жасаңыз. Қалай санасаңыз да, оның зияны өте көп, «пайдасы» мүлде болмайды.
3. Сізге ең бірінші көмек көрсете алатын әйеліңіз болмақ. Шылымды мүлдем шекпеймін деп шешсеңіз, жаңыңызда қолдаушыңыз болсын. Сол үшін де әйеліңізден барлық кезде қолдауын өтініңіз. Ол бұған қуана-қуана дайын екендігіне кепілдік береміз.
4. Темекіні тастау күнін белгілеңіз. Және соған материалдық (темекі орнына кәмпит немесе құрт сияқты нәрселерді сатып алу) және рухани («Тастаймын» деп күндіз-түні қайталау да көмектеседі) тұрғыдан мықтап дайындалыңыз.
5. Алдын-ала дәрігермен кеңесіп алыңыз. Оның да қолдауының көмегі мол.
6. Тыныс алу жолдарымен жаттығу жасауды үйреніңіз. Ол үшін мұрынмен терең тыныс алып, ауаны өкпеде бірнеше секунд ұстап, қайта шығарыңыз. Бұл темекі тастаудан бұрын да, тастау кезінде де өте жақсы көмектеседі. Әр бес минут сайын қайталаңыз.
7. Темекі тастау күніне дейін күн сайын бір тал темекіге азайтып отырыңыз.
8. Ең соңында жиі тіс тазалауды ұмытпаңыз».
* * *
ҚР «Темекі тартуды шектеу мен алдын алу туралы» заңына сәйкес, темекі өнімдерін өндірушілер мен сырттан тасымалдаушылар жыл сайын ішкі нарыққа ұсынатын өнімдердің құралы туралы үкіметке есеп беруге міндетті. 2008 жылдың 1 қаңтарынан бастап, қорап сыртындағы «Шылым шегу сіздің денсаулығыңызға өте зиянды», «Балаларды темекі түтінінен қорғаңыздар», «Темекі шекпейтіндердің өмірі ұзақ» деген жазудағы әріптердің көлемі 30 пайызға үлкейтілді. Бұл – Халықаралық темекіге қарсы күрес жөніндегі конвенцияға Қазақстан да қол қойғаннан кейінгі алғашқы қадамдар. Оған дейін жұртқа шылымның залалын ескертетін жазу анық байқала бермейтін. ҚР Денсаулық сақтау министрлігіндегілердің бұл ескертуді келешекте 50 пайызға дейін жеткізетінін мәлімдегенін де естігенбіз. Тек, жасөспірімдер арасында темекіге қарсы шаралар барлық жерде жоғары талапқа сай емес.
Нақты ғылыми деректер бойынша, езуіне шылым қыстырғандардың үштен бірі, кейде тіпті тең жартысы ажалынан 15 жыл бұрын көз жұмады екен. Соған қарамастан, Қазақстанда шылым өндірісінің 30 миллиард дана (1,5 млрд. қорап) болатынын біз мұнан 6 жыл бұрын естіген болатынбыз. Қазір дүкендерде шылымнан көп тауардың жоқтығына қарап, бұл деректің мұнан да өсе түсетініне сенімдіміз. Ал енді Қазақстанда нәпақа тауып жүрген темекі компаниясының тапқан табысының 80–90 пайызын өз елдеріне асыратынын ескерсек, біздің темекі өндірісінен де қаншама экономикалық шығынға батып жатқанымызды болжау оңай. Әйтеуір, сырттан келген, өзімізде жасалған темекіден сорлап жатқандар – қазақтар.


16.08.2016 721
Еще материалы:
Оставить комментарий
CAPTCHA